Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Қазақстан Республикасындағы инфляция
02.05.2024
Қазақстан Республикасындағы инфляция

2024 жылғы сәуірде тұтыну бағаларының айлық индексі баяулап, 0,6% құрады (ағымдағы жылғы наурызда – 0,7%). Азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер бағасы – 0,7%-дан, азық-түлік тауарлары 0,3% өсті.

Ағымдағы жылғы сәуірде бағаның өсуі теледидарға – 26,9%, үтіктеу тақтайшасына – 9%, үтікке 6,2% байқалды. Киім мен аяқ киімге баға деңгейі – 0,9%, дәрі-дәрмекке, жеке пайдаланатын тауарларға 0,8%-дан өсті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында электр энергия тарифі – 2,3%, тұрғын үйді күтіп ұстауға жұмсалған төлемге – 1,6%, су бұруға 1,1% өсті. Монша қызметтері – 2,8%, денсаулық сақтау қызметтері – 1,4%, шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері 1,2% қымбаттады.

Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі сәбізге – 4,9%, қырыққабатқа – 4,2%, құмшекерге – 3,7%, сары майға 1,1% байқалды. Бағасы реттелмейтін тауарлардан алмаға – 3,3%, жүзімге 2,5%, кондитерлік өнімдерге – 2,8%, минералды және ауыз суға – 2,5% жоғарылады. Осы ретте қияр бағасы 16,3%, басты пияз – 10%, қызанақ – 4,3%, жұмыртқа – 3,2%, күнбағыс майы – 2,9%, қарақұмық жармасы 2,8% арзандады.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Жетісу облысында – 1,1% (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгі – Абай, Павлодар, Түркістан облыстарында – 0,3% тіркелді.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Жетісу облысында – 0,9%, азық-түлік емес тауарлар – Маңғыстау және Қарағанды облыстарында 1,1%, ақылы қызметтер – Ақмола облысында 2,5% өсті.



2024 жылғы сәуірде жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,7% құрады. Ақылы қызметтер – 13,5%, азық-түлік емес тауарлар – 7,6%, азық-түлік тауарларының бағасы 6,3% өсті.

2023 жылдың сәуір айымен салыстырғанда тарифтер су бұруға – 43,6%, суық суға – 36,9%, орталықтандырылған жылытуға – 33,5%, ыстық суға – 31%, қоқыс шығаруға – 30,7%, электр қуатына 29% өсті. Ацетилсалицил қышқылының бағасы – 65,3%, парацетамолға – 33,3%, белсендірілген көмірге – 32% өсті. Жүзім – 39,7%, қырыққабат – 25,3%, сәбіз – 20,2%, күріш – 19,8% алма – 19,1%, темекі өнімдері 16,2% қымбаттады.

Керісінше жылдық мәнде басты пияз – 51,1%, қарақұмық жармасы – 24,4%, қызанақ – 7,5%, қияр 6,9% арзандады.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

*2024 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 42,0%, азық-түлік емес тауарлар – 29,8%, ақылы қызметтер 28,2% құрады.


Тізімге оралу

Онлайн кеңесші